Адамдық борышың -
Халқыңа еңбек қыл.
Ақ жолдан айнымай
Ар сақта, оны бiл.
(Шәкәрім)
Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931) – ақын, жазушы, философ, тарихшы, композитор. Абаймен замандас әрі інісі, әрі ол негізін салған реалистік әдебиет дәстүрлерін алға апарушы ізбасары. Өзі өмір сүрген ортаның қоғамдық-саяси және өлеуметтік сыр-сипаттарын керебілуде, қоғам мен адам табиғатындағы кемшіліктерді зерделеуде, туған халқына түзу жол көрсетуде Құдайбердіұлы Абай бағытын ұстанды. Ақын әрдайым халықтан қол үзбейді. Оның әшкерелейтіні де халық басындағы кемшілік, мақтан тұтары да халықтық қазына. Әр кезеңде жазылған «Бай мен қонақ», «Партия адамы», «Ей, көп халық, көп халық», «Өкінішті өмір», «Қазақ», «Насихат», «Тағы сорлы қазақ», «Қош!», «Қош, жұртым» тәрізді өлеңдерінде ұлтының басындағы халді шыншылдықпен бейнелеп береді. Ақыл мысалдары нанымды. Ақын «Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи, ғибадат пен адалдық ар үшін жи», – деп, бақыттың өзі адалдыққа негізделетінін айта келіп, парасатты тұлға болып қалыптасу үшін адам бойындағы асыл қасиеттердің бірлікте болуы керектігін ашып көрсеткен. Шәкәрімнің асыл ойлары адалдық, әділдік, ынсап, әділет, мейірім сияқты асыл қасиеттерді кірлетпеуге негізделген. Ақын жастарға білімдіден ғибрат алуға, ақылмен ойлап іс қылуға, «құлқынның құлы болмай», «адамдық борыш – ар үшін қызмет ет», – деп өсиет еткен. Шәкәрім өсиеті қазіргі өркениетті заманда да өз құндылығын жоймады, ол барша адамзаттың жан дүниесінің айнасы болуы қажет. Замандас жастардың міндеті – дала ойшылының жырлап өткен ар, борыш, адалдық сындық қасиеттерін бойында қалыптастыра білуі.
Қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі Жакупова М.И.