14.10.2019
Бүгін, яғни 14-қазанда акиматта Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы және «Үш байлық»қоғамдық бірлестігі «Латын әліпбиі және жазу реформасы»атты семинар өтті.Оған Атбасар ауданының мекеме басшылары, мектеп директорлары, қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімдері қатысты.
Іс-шараны облыстық тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған, спикері - астаналық қоғам қайраткері, «Үш байлық» ҚБ директоры Оразгүл Асанғазықызы сөз сөйледі.
- Жаңа әліпбиді жатырқаудың қажеті жоқ. Егер еліміз өркендеп, дамыған елдердің қатарына кірсін десек, латын әліпбиіне көшуіміз керек. Әрине, бұл бастаманы Елбасының өзі бастап, Жарлыққа қол қойып берді. Енді осыны кеңінен насихаттауымыз қажет. Қазір әлемдегі ғылым мен интернеттің сексен пайызы осы латын әліпбиін қолданады. Демек, латын әліпбиіне көшу – әлемдік ғылымға жол ашады, – деді ол.
Жиында «Жаңа әліпбиді меңгерудегі ІТ жобалар» тақырыбында сөз өрбіткен «Үш байлық» ҚБ-нің әдіскері Айшат Ғаббасова латын әліпбиінің тиімділігін әңгіме арқауына айналдырды.
Қазіргі таңда төрт жұмыс қатар жүріп жатыр:
1. Әліпбиді насихаттау;
2. Әліпбиді жетілдіру;
3. Емле ережелерін түзеу;
4. Латын қарпін үйрету.
Баяндамашылар осы тақырыптардың айналасында ойларын ортаға салды. Семинарға қатысушылар сұрақтар қойып, өз пікірлерімен бөлісті.
Тренинг қатысушылары қазақ әліпбиінің латын графикасына көшуі туралы барлық ақпарат жинақталған «Qazlatyn.kz» ұлттық порталмен танысты, «Qazaqlatyn» көпатқарымды конвертері, тілді машинамен оқытуға арналған «Tilqural.kz» веб-сервисімен, барлық салалық сөздіктер мен энциклопедиялар жиналған «Sozdikqor.kz» платформасымен, балаларға да, ересектерге де жаңа әліпбиді тиімді түрде оқуға септігін тигізетн «Jasyryn sóz», «Sózdi tap», «ILES», «Zerek bala», «Sóz álemi» секілді ойындар түрінде құрылған бес мобильді қосымшалармен танысты.
Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Исина Гүлназ Рысбайқызы