Аудандық Мәдениет Үйінде 6-наурызда мектеп,колледж ұстаздарының арасында жыл сайын өткізілетін дәстүрлі «Ең әдемі келіншек» сайысы өткізілді. Онда жиналған қауым мен қыз-келіншектер мәре-сара. Бір мезетте залда тыныштық орнап, жүргізушілер шығып,әділқазылар алқасымен таныстырды. Олар: Мәдениет Үйінің меңгерушісі Жұмаенова Күнім, «Атбасар» газетінің редакторы Шайхин Өмірсерік, Ілияс Есенберлин мұражайының меңгерушісі Ұлболсын Комбатурова, аудандық білім бөлімінің аудармашысы Уалиева Хадиша Өсербайқызы.
Бірінші кезең өзін-өзі таныстыру және ұлттық тамақтарды үйден дайындап әкеп,түсіндіру. Қыздарымыз алдарына жан салмай ұлттық тағамдарды әділқазылар алқасының алдына төгіп салды да, өздерін өлеңменен таныстырып өтті. Жүргізушілердің салт-дәстүрге байланысты сұрақтарына да жауап толық беріліп отырды.
Екінші кезең қолөнерлерін көрсете білуде де,бір-бірін асып түсетін келіншектерге залдағы көрермендер ду қошемет көрсетіп отырды.
Үшінші кезең өз өнерлерін көрсетіп,біреулері домбыраның құлағында ойнап, күй тартса, енді біреулері тамылжыта ән салды, тағы біреулері актерлік шеберліктерін жоғары деңгейде көрсете біліп,залдағылардың көзіне жас алғызды.
Төртінші кезең «Кешкі көйлектерін» көрсету болды. Не деген керемет,не деген ғажап ұлттық нақыштағы біздің киім-кешек десеңші! Қарап тұрып, кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді емес пе?!
Сонымен,сайыста өз мәресіне жетіп, қыз-келіншектер тиісті бағасын алды. Осындай іс-шаралар көптеп өткізіліп,ұлтымыздың дәстүрін насихаттап тұрсақ, нұр үстіне нұр болар еді.
Біздің мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Самигат Акжархын осы сайысқа қатысты. Өз қолынан дайындаған тағамдар мен өнерін көрсетті. 8-наурыз-Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған «Ең әдемі келіншек» сайысына қатысушылар мен аналарымызды, қыз – келіншек, әпкелерімізді, сіңлілерімізді мерекелерімен құттықтап, зор денсаулық,еңбекте табыс, отбасыларының шаттығына кенеле беріңдер дегім келеді.