«Акмола облысы білім басқармасының Атбасар ауданы бойынша білім бөлімі Атбасар қаласының №1 жалпы орта білім беретін мектебі»
Коммунальное государственное учреждение «Общеобразовательная школа № 1 города Атбасар отдела образования по Атбасарскому району управления образования Акмолинской области»

СоцСети

 

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

Оқушыларға тапсырма әзірлеу кезеңдері.Бағалау критерийлері. Ойлау дағдыларының деңгейлері.Дескрипторлар

14.10.2020

Оқушыларға қалыптастырушы, бөлім бойынша және тоқсандықжиынтық тапсырмаларды дайындауда мұғалім төмендегі мәселелерге көңіл бөлу керек.

  Қалыптастырушы бағалаудың тапсырмаларын өз бетінше құрастыру үшін мұғалімге келесі қадамдарды ұсынуға болады:

  1. Пәннің оқу бағдарламасымен, оқу жоспарымен танысу, оқу мақсаттарына талдау жасау;
  2. Таңдалған оқу мақсаты бойынша Блум таксономиясына сүйеніп бағалау критерийлерін құрастыру;
  3. Тапсырма құрастыру кезінде саралауды қамтамасыз ету үшін бағалау критерийлерін ойлау дағдыларының деңгейлеріне сәйкестендіру;
  4. Бағалау критерийлері мен ойлау дағдылары деңгейлеріне сәйкес тапсырмалар құрастыру;
  5. Әр тапсырмаға оның орындалу кезеңдерін сипаттайтын дескрипторлар құрастыру.

Жоғарыда келтірген алгоритмге негізделетін болсақ, тапсырманы әзірлеудің 1-кезеңі оқу бағдарламасын, нақтырақ айтқанда пәннің ұзақ мерзімді жоспарын талдаудан басталады. Тақырыптар аясындағы оқу мақсаттарына талдау жасап, қандай пәндік білім-біліктер мен пәнүсті дағдылар күтілетін нәтижелер ретінде қарастырылғаны және бағаланатыны анықталады.

Танымдық саладағы оқу мақсаттарының Блум таксономиясы бойынша жіктелуі бағалауға арналған тапсырмаларды әзірлеу және сараптау процесінде кеңінен қолданылады. Бастапқы және түзетілген Блум таксономиясы оқуды күрделілік деңгейінің өсуі бойынша алты танымдық деңгейге бөледі. Әрбір жоғары деңгей алдыңғы деңгейде меңгерген дағдыларға негізделеді. Оқу мақсаттарын Блум таксономиясы бойынша жіктеуде бағалау критерийлерін құруда мұғалім басшылыққа алатын зат есім мен етістіктерді дұрыс қолдану маңызды. Етістік қол жеткізу көзделетін танымдық санатқа немесе деңгейге, ал зат есім оқушының меңгеріп, көрсетуі тиіс тапсырманың түріне бағытталуы тиіс.

Танымдық процесс «Білім» деңгейінде «Оқушы ақпаратты есіне түсіре ала ма?» деген сұраққа жауап береді. Мысалы, тізім құру; терминдерді, оқиға мерзімдерін, формулаларды анықтау; ұғымдарды атау; тізімді белгілеу, теореманы айту.

«Түсіну» деңгейінде «Оқушы идея мен мазмұнды түсіндіре ала ма?» деген сұраққа жауап береді. Мысалы, ұғымдарды санатқа жіктеу; материалды қорытындылау; әрекеттерді сипаттау; көзқарастарды, сипаттамаларды салыстыру.

«Қолдану» деңгейінде «Оқушы ақпаратты таныс жағдайда немесе жаңа мазмұнда қолдана ала ма?» деген сұраққа  жауап береді. Мысалы, қағидатты қолдану; процедураларды орындау немесе енгізу.

Танымдық процесс «Талдау» деңгейінде «Оқушы берілген көлемді ақпаратты бөліктерге жіктеп, олардың әрқайсысының мазмұнын немесе олардың бір-бірімен байланысын анықтай ала ма?» деген сұраққа жауап береді. Мысалы, реттілігін зерттеу, нәтижені болжау.

«Бағалау» деңгейінде «Оқушы өз ойын, қабылдаған шешімін негіздей ала ма?» деген сұраққа жауап береді. Мысалы, өз таңдауын, жасаған қорытындысын сипаттау; бағаны, әрекетті тексеру; баламасын, негізгісін, ерекшесін таңдау.

«Жинақтау» деңгейінде «Оқушы жаңа идея, көзқарас, жаңа тәсіл немесе жаңа өнім ұсына ала ма?» деген сұраққа жауап береді. Мысалы, зерттеу жұмысын немесе жаңа идея, теория әзірлеу; жаңа мүмкіндіктер ұсыну; тың идеялар ойлап шығару.

Бұл оқу мақсаттарына сәйкес күтілетін нәтижені қалай жоспарлауға және оған сәйкес бағалауды қалай жүргізуге болатынын көрсетеді. Оқу мақсаттары мен бағалау түрі Блум таксонмиясының бірнеше деңгейін қамтуы мүмкін. Бұл оқу мақсаттарының бірнеше танымдық деңгейге қатысты болуымен байланысты және бағалау процесі де соған сәйкес жүреді.

Білімді меңгеру процесі келесі санаттармен сипатталады:

Фактологиялық білім - оқушыға таныс болуы немесе оқушы білуі тиіс негізгі терминдер мен фактілер.

Концептуалдық білім - базалық фактілердің арасындағы өзара байланыс, мысалы, санаттық жіктелімдер, модельдер, теориялар.

Процедуралық білім - тәжірибелік білім, дәлелдеулер мен тәжірибе жұмыстарын жасау, өлшеу.

Метатанымдық білім - өзін-өзі танудан бастап басқа адамдардың ойлау процесін түсіну және хабардар болу.

Бағалау критерийлерін дұрыс құрастыру, яғни оқушының оқу әрекетінде не бағаланатынын нақты белгілеу үшін мұғалімнің білім категорияларын түсінуі және ажырата білуі ерекше маңызды.

Тапсырма әзірлеудің 2-кезеңі - оқу бағдарламасына сәйкес оқу мақсаттарының негізінде бағалау критерийлерін құрастыру.Бағалау критерийлерін анықтау үшін келесі сұрақтардың төңірегінде ойланып көрейік:

Оқу мақсатына сәйкес қанша бағалау критерийі болуы тиіс?

Бағалау критерийлерінің санын көбейтпеген жөн. Әдетте, оқу мақсатының маңызды тұстарын бағалау орынды болып табылады. Сондықтан бағалау критерийлерінің санын азайтыңыз, барлығын қамтуға тырыспаңыз. Оқу мақсаттарының деңгейі мен көлемін есепке алыңыз.

Тапсырма әзірлеудің 3-кезеңінде, тапсырмаларды саралауды қамтамасыз ету үшін бағалау критерийлерін ойлау дағдыларының деңгейлеріне сәйкестендіру қажет.

Ойлау дағдыларының деңгейлері неліктен маңызды?

Ойлау дағдыларының деңгейі – әрбір деңгейі ойлау дағдыларын анықтауды қалыптастыруға бағытталған оқу мақсаттарының иерархиялық өзара байланыстағы жүйесі. Дағдыларды дәл анықтау критериалды бағалаудың маңызды аспектісі болып табылады. Критериалды бағалау жүйесінде ойлау дағдыларының деңгейлері үш топтың аясында қарастырылады:

  • білу және түсіну;
  • қолдану;
  • жоғары деңгей дағдылары (талдау, жинақтау, бағалау).

Бағалау критерийлерін Блум таксономиясы бойынша тиісінше ойлау дағдыларының деңгейіне дұрыс сәйкестендіру, мысалы бағалау критерийі «Білу» немесе «Түсіну» деңгейіне сәйкес келетінін анықтау, мұғалімге күтілетін нәтижеге бағытталған оқушы әрекетін дұрыс таңдауға және соған сәйкес келетін тапсырманы әзірлеуге көмектеседі.

Бағалау критерийлерінің сапасын бағалау үшін бірқатар талаптар белгіленген тексеру парағын қолдануға болады, мысалы:

Тексеру парағын бағалау критерийлеріне сараптама жасау үшін пайдалануға болады.

Тапсырма әзірлеудің 4-кезеңі - бағалау критерийлері мен ойлау дағдылары деңгейлеріне сәйкес тапсырмаларды әзірлеу.

Бағалауда қолданылатын тапсырмалар бірқатар талаптарға сәйкес құрылуы тиіс, атап айтқанда:

  • тапсырма оқу мақсаттары, бағалау критерийлері мен ойлау дағдыларының деңгейлеріне сәйкес болуы керек;
  • тапсырма оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай келуі керек;
  • тапсырмалар сараланған болуы керек, яғни оқушылардың жеке ерекшеліктерін, нақты айтқанда қабылдау мен ойлау, жұмыс істеу қарқыны, пәндік және пәнүсті дағдыларының қалыптасу деңгейінің ерекшеліктерін ескеру маңызды.
  • тапсырмалар оқушыларды танымдық әрекетке ынталандыратындай алуан түрлі, нақты және түсінікті болу тиіс.

Тапсырма әзірлеудің 5 кезеңінде әр тапсырмаға дескрипторлар құрастырылады.

Дескриптор дегеніміз не және оны әзірлеу барысында нені ескеру керек?

Дескриптор - тапсырмаларды орындау кезіндегі нақты қадамдарды көрсететін сипаттама.Мұғалімнің қабылдаған шешімі объективті болу үшін тапсырмаларда қолданылатын дескрипторлар анық және нақты болуы қажет. Дескрипторлар тапсырманы орындауда оқушыға нақты қай жерде қиын болғанын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл оқушыларға тиімді кері байланыс беруге және қайталап оқуға арналған бағдарламалық материалдың қажетті көлемін анықтауға мүмкіндік береді.

Тапсырма әзірлеу барысында неге назар аудару керек?

Білім алушылар үшін жақсы практикалық тапсырма құрастыру – жай ғана техникалық тұрғыдан жүзеге асыру емес, ол – түсіну мәселесі, себебі олар алған білімін тәжірибеде қолданатын болады.Тапсырманы құрастыру барысында тапсырма әзірлеуші мұғалім қандай кезеңдерден өтеді?

Тапсырма әзірлеудің жоспарлау, құрастыру, сараптау, қолдану, талдаусияқты бірнеше кезеңдерін атап өтуге болады.

Жоспарлау  кезеңінде бағалауға арналған тапсырманың әзірлеу мақсаты мен міндеттері айқындалып, қажетті құжаттар анықталады.

Құрастыру кезеңінде пәннің оқу бағдарламасын, спецификацияны қолдану арқылы тапсырма әзірленеді.

Сараптама жасау кезеңінде тапсырманың сапасын талдап, материал қайта қаралады, қажет болған жағдайда тиісті өзгертулер енгізіледі.

Қолдану кезеңінде белгіленген уақыт пен жағдайға сәйкес тапсырма қолданысқа енеді.

Талдау кезеңінде тапсырманы қолдану нәтижесі  талданады, қажет болған жағдайда өзгертулер енгізіледі.

Тапсырма әзірлеу барысында оқу мақсаттарын, бағалау критерилерін  есте ұстау маңызды. Бұл мазмұнды және тиімді практикалық тапсырма құрастыруға ықпал етеді.

Құрметті әріптестер, осымен біз бүгінгі дәрісімізді аяқтаймыз. Тақырыпты бекіту үшін сіздерге практикалық тапсырмаларды орындауды ұсынамыз.

                     Осы нұсқауларды еске ұстай келе,әрбір ұстаз кез –келген тапсырманы өзі дайындай алады.

       №1ОМ   қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

       Исина Гүлназ Рысбайқызы

Просмотров: 8730

Қосымшалар:



Добавить комментарий



Включить данные в подпись

Текст