Наурыз мейрамы — ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Қазіргі күнтізбе бойынша күн мен түннің теңесуі кезіне келеді.
Наурыздың жиырма екісі күні Наурыз мейрамы (жаңа жыл) екенін қазақ баласының көбі біледі. Наурыз туралы көптен бері, жыл сайын газеттерде жазылып келеді. Бұл мейрам бүкіл ұлтқа ортақ. Тегінде Наурыз ұлт мейрамы болғандағының үстіне оның тарихи маңызының тереңдігі бар. Ызғарлы қыстың кетіп, жан иесі өмір қуатын туғызған жыл, жаздың келетіндігіне барлық жаратылыспен қатар қазақ елі де қуанатын. ˝Қыс бойы өлімнің есігін күзетіп, үңгірде жатқан кәрі құйрық, мертік-шортықтар да қыбырлап дүниеде бар екендіктерін білгізе бастайтын, аурулар сауығамын деп, аттар тойынамын деп, жалаңаштар киімсіз де күн көремін˝ дегендей жұрттың бәріне үміт, әркім де жылы шырай сезіне бастап, ˝бәріміз де табиғаттың бергеніне ортақпыз˝ дегендей сағынышты көрісулері, жалынды құшақтасуларымен жаңа жылды қарсы алатын. ˝Бүгінгі күні Самарқанның көк тасы да жібіпті˝, - десіп Наурыз күні пейілін кеңітпеген адамды тастан да қатты қылып шығарғысы келіп, аңыз қылысатын.