ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес 2017 жылдан бастап айтулы мерекелердің бірі Қазақстан Халқы тілдері күні 5 қыркүйекте тойланатын болды. Айта кету керек, Тіл мерекесінің 5 қыркүйек болып белгіленуінің де өзіндік себебі бар. Бұл күн - "Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы - тіл" деп ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Енді барша қазақстандықтар қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде Тіл мерекесін тойлайтын болады. Қазақтың әдебиет зерттеуші ғалымы, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйекте қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы, Сарытүбек ауылында дүниеге келген болатын .Қазақтың асыл ұлы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні Тіл мерекесімен қоса тойланатыны қалың ел үшін өте қуанышты жағдай екені белгілі. Жыл сайын осы мереке қарсаңында әр түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Еліміздегі қиын жағдайға қарамастан биылда онлайн оқулар, байқаулар мектебімізде өтеді. Мәртебелі тілді ұлықтаған жиындардың мақсаты бір. Мемлекеттік тілдің негізгі тіл екенін ұғындыру. Тұңғыш Елбасы «ана тіліміз мәңгілік елімізбен бірге мәңгілік тіл болады. Қазақ тілін даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн», деп шегелеп айтқан болатын.Қазақ тілі – әлемдегі 6 мыңға жуық тілдің ішінде қолдану өрісі жағынан 70-ші, ал тіл байлығы жағынан алғашқы ондықта. Сондықтан осындай рухани байлығымызды дамытып, қадірлей білейік.